Павлодар облысының табиғаты
Баянауыл әлемі
Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы 1985 жылы құрылған.
Баянауыл ұлттық саябағында 9 көл бар.
Онда Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері және табиғи үңгірлер, небір бейнелі жартастар, бұлақтар бар. Аққайыңды орман-тоғайы, таза ауа, мөлдір суы – жанға жайлы табиғи орта.
Баянауыл жерінің массивті және ең биік тауы – Ақбет тауы (1027м).
Баянауыл өңірінен қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымына ірі үлес қосқан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалар шыққан.














1-тапсырма. Ұлттық саябақта 9 көл бар делінген. Осы көлдердің тартылып қалу қаупі төнуі мүмкін бе? Ойыңды өрбітіп жаз.
2-тапсырма. Жануарлар, өсімдіктер әлемін қорғау жұмысымен қалай айналысар едің? Өз ойыңды дәлелде.
3-тапсырма. Бұл саябақтың ең негізгі талабы не деп ойлайсың?
Деңгейлік тапсырмаларды орыңдаңдар.
ІІІ деңгей. Мына сөздермен жұрнақ арқылы сын есім жасап, сөз тіркестерін құрастырыңдар.
Мемлекет, ұлт, әлем,жайлы, тоғай.
ІІ деңгей. Берілген мақалдардың мағынасын ашыңдар.
Таумен тасты су бұзар,
Ел арасын қу бұзар.
Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
І деңгей. «Қорғау жұмысымен айналысады» тақырыбына бағдарлама жасаңда
Баянауыл ұлттық табиғи саябағы
Өсімдіктер дүниесі
Аласа таулы Баянауыл жерінің өсімдіктер дүниесін 518 өсімдік құрайды. Ағаштар біркелкі өспейді. Таудың жоғары жағында – қарағай, арша мен таңқурай өседі.






Төменгі аймақта қарағай, қайың мен қоса арасында терек араласқан ағаштар кездеседі.
Жазық жерлерде – шөбі шүйгін көктерек өседі.
Тау өзеншесі мен бұлақтарын қуалай қайың, жабысқақ қараағаш араласқан тал, мойыл өседі.




Бұталардан – қарақат, таңқурай, итмұрын, кәдімгі шәңкіш өсіп шығады.
Саябақ аумағындағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерінен жабысқақ қараағаш, боз селеу, көктемгі жанаргүл, жатаған қызғалдақ, ашық құндызшөп ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген.





Деңгейлік тапсырмаларды орыңдаңдар.

ІІІ деңгей. Берілген сөздердің синонимдік қатарын жазыңдар.
Аласа, көз, төмен, жоғары, бұлақ.
ІІ деңгей. Аласа таулы, төменгі аймақта, жазық жерлерде, бұталарда, парк аумағында сөз тіркестерімен құрмалас сөйлем құрастырыңдар.

І деңгей. Өсімдіктің қай түрі таныс, ойларыңды толықтырып жазыңдар.

Кәдімгі шәңкіш
Биіктігі 1,5 — 4 метрге жетеді. Мамыр — шілде айларында гүлдеп, тамыз — қыркүйекте жеміс салады. Жемісі — қызыл түсті сүйекше.







Емдік қасиеті:
Дәрілік мақсатқа өсімдіктің қабығын, жемісін, гүлін жинайды. Құрамында – вибурнин глюкозиді, валериан, илік заттар, шайыр және органикалық қышқылдар, ал жемісінде қант, илік заттар бар. Олар халық медицинасында кеңінен қолданылады:

Қабығынан алынған тұнба қан тоқтады, қан тамырларын тарылтады, жүйкені тыныштандырады. Жемісі жүрекке әсер етеді, несеп айдайды, өт жүргізеді, қабынудан қорғайды және жараларды жазады. Қысқы қатты аязда түсіп қалған жемісі жеуге жарамды болады.

Көктемгі жанаргүл
Қазақстанда өсетін сегіз түрдің ішіндегі ең әдемісі және ең сирек кездесетіні.







Емдік қасиеті:
Бұл өсімдік бұрыннан халықтық медицинада жүрек ауруына қарсы қолданылған.
Үнемі тегіс жинау салдары бұл түрдің азайып кетуіне әсер етті. Сонымен қатар сәндік мақсатта жанаргүл өте тартымды.

Деңгейлік тапсырмаларды орыңдаңдар.

ІІІ деңгей. Мәтіндегі сапалық сын есімдерді қатыстық сын есімге айналдырып, сөйлем құрастырыңдар.

ІІ деңгей.Емдік қасиеті бар өсімдіктерді теріп жазып, құрамындағы заттарды атаңдар.

І деңгей.Емдік қасиеті бар өсімдіктерге не қосар едің, ойларыңды өрбітіп жазыңдар.


Жатаған қызғалдақ
Қазақстанда кездесетін жабайы 34 түрдің ішіндегі солтүстікте өсетін орманды далаға дейін жеткені. Сортан топырақты далалы жерлерді мекен етеді.
Көпжылдық өсімдік, пиязшығын жыл сайын жаңартып отырады. Қызғалдақтардың көпшілігі тек тұқымнан көбейеді. Өсіп-өнулік жолмен көбейетіні өте аз.
Ғалымдар жылдан жылға азайып бара жатқандығын ескере отырып, бұл түрді басқа да қызғалдақтармен қоса Қазақстанның «Қызыл кітабына» еңгізді.








Ашық құндызшөп
Қазақстанда кездесетін алты түрдің ішіндегі ең солтүстікте орманды далада таралғаны. Құндызшөп өсіп тұрған ортасында гүлдегенде де, жеміс берген
кезінде де ерекше көзге түседі. Әсіресе жібектей жұмсақ иілген күйінде қалғып тұрған тәрізді болып көрінеді.
Осыған байланысты халық арасында «сон трава» атауына ие болған.








Емдік қасиеті:
Жапырақтан алынған шырынмен күйікті емдейді, тамырдан кесіп алынған бөлігін түрлі ісіктерді емдеуде пайдаланылады. Өсімдіктің тұнбасы туберкулез, жөтелді,бронх қабынуынауруларын емдеу үшін қолданылады. Сәндік мақсатта бұл негізінен тастақты бақтарды безендіру үшін қолайлы.








Деңгейлік тапсырмаларды орыңдаңдар.

ІІІ деңгей. Келесі сөздерді сөз құрамына талдаңдар.
Көпжылдық, гүлдегенде, құндызшөп, пиязшығын.

ІІ деңгей. Берілген сөйлемдерді жалғастырып, өз көңіл-күйлеріңнің қандай болатындығын айтыңдар.
А) Жайнаған гүлдерді көргенде.........
ә) Сынған бұтақты көргенде..........
б)Толқыны тербеліп тұрған теңізді көргенде.......
в) Жарқыраған күнді көргенде.......

І деңгей. «Табиғатты қорғай білеміз бе?» тақырыбына шығарма жазыңдар.


Шалдай орманы
Шалдай орманы – сирек кездесетін қылқан жапырақты орман алқабы. Жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, қос-аяқ, ормандарда тиін, елік, бұлан мекендейді. Құстардан бүркіт, кезқұйрық, қаршыға.







Сарышұнақтар
Далалық аймақтар мен шөл, шөлейтті аудандарында мекендейді. Бұлардың тұрқы 14 — 40 см, құйрығының ұзындығы 4-25 см, салмағы 100-150 г. Жалпы түсі — сарғыш-сұр, жотасы қоңырқай тартқан, жүні жұмсақ, қалың. Құлақ қалқаны кішкентай, көзі үлкен, алдыңғы аяғы төрт саусақты, артқы аяғынан қысқалау, артқы аяғы бес саусақты. Жоғары жақ сүйегінің оң жағында да, сол жағында да 5 азу тісі, төменгі жағында 4 азу тісі болады. Тіршілік әрекеті көбінесе күндіз басталады, ін қазады. Жылына 6-9 ай ұйықтайды. Шөптесін өсімдіктермен, кейде жәндіктермен қоректенеді. Жылына 1 рет көбейіп, 2-ден 14-ке дейін ұрпақ әкеледі. 5-6 жыл тіршілік етеді. Сарышұнақ – дәнді дақылдардың зиянкесі, оба, сарып ауруларын таратады. Сарышұнақтың кәсіптік маңызы бар, терісі бағалы түрі – зорман.





Қосаяқ

Дене тұрқы 52 – 61 мм, салмағы 8,9 – 12,5 г. Өзі тектес басқа қосаяқтардан ерекшелігі – арқасы боз түсті болады. Саны аз, таралу аймағы шағын. Ін қазып, сонда тұрақты тіршілік етеді. Інінің ұзындығы 215 см-ге жетеді. Қосаяқ – түн жануары. Ол өсімдіктердің дәнімен, жемісімен және түрлі қоңындармен, шегірткелермен
қоректенеді.
Қыркүйекте қысқы ұйқыға жатады. Бұл кезде денесіне жинаған майдың үлесі жалпы салмағының 28%-ын құрайды. Қысқы ұйқыдан сәуірде оянып, мамыр – шілде айларында 2 рет көбейе алады, әрқайсысында орта есеппен 4-5 қосаяқтан туады. Бұлар келесі көктемде жыныстық жағынан толық жетіледі. Республикада Қосаяқтың 4 түрі: бессаусақты ергежейлі қосаяқ, Гептнер ергежейлі қосаяғы, бозтүсті ергежейлі қосаяқ, үшсаусақты ергежейлі қосаяқ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.







Тиін

Шалдай қарағайлы ормандарында мекендейтін 1 түрі- кәдімгі тиін бар. Оның тұрқы 16-28 см, салмағы 450 – 600 гр.
Түсі ақшыл сұр не жирен, үлпілдек, қалың жүнді, құйрығы ұзын (23 см-ге дейін). Құлағында шашағы болады. Ұясын ағаш басына кейде кеуегіне не жартас жарығына салады. Тиін – тұрғылықты аң, бірақ қорегі (шырша, т.б. қылқан жапырақты ағаштардың тұқымы) тапшы болса, кейбір жылдары жаппай қоныс аударуы мүмкін. Қысқа қарай қор жинайды. 2 жаста жыныстық жағынан жетіліп, ақпан – наурыз айларында ұйығады. Жылына 2 рет (әр жолы 3-10) балалайды. Тиіндер терісі үшін ауланады.






Елік

Шал дай орманында Сібір түр тармағы кездеседі. Дене тұрқы 120 – 160 см, шоқтығына дейінгі биіктігі 75 – 100 см, салмағы 30 – 55 кг. Құйрығы өте қысқа. Ешкісі мүйізсіз, текесінің наурыз – мамырда толық жетіліп, қараша – желтоқсанда түсетін 3 – 5 ашалы мүйізі (25 – 40 см) болады. Аяқтары жіңішке әрі ұзын. Қыста түгінің түсі қоңырқай сұр, жазда жирен, жас лақтарының түгінде ашық түсті теңбіл дақтары болады. Жеміс-жидек, мұк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Бір жарым жасында лақтайды. Шілде – тамыздан бастап 9 ай көтеріп 1-2, кейде 3 лақтан туады. Лақтарын 6-8 ай сүтімен қоректендіреді. Ешкісі 11 – 12, текесі 16 жылдай тіршілік етеді. Еті мен терісі үшін арнайы рұқсатпен ауланады. Кәсіптік маңызы бар.








Кезқұйрықты субүркіт

Кезқұйрықты субүркіт тоғайлы, орманды жерлердегі қамысты суқоймаларын мекендейді. Шәулісінің қанатының ұзындығы 52 – 59 см, ұябасары ірілеу. Салмағы 2,1-3,2 кг. Шәулісінің арқасы қара бурыл түсті, жаңа шыққан қанаттары – көгілдір, басы мен тамағы ақшыл, құйрық қанаты – ақ, оның ұшы қара болып келеді. Бауыр жағы қоңыр бурыл түсті. Ақпанның аяғы наурыздың басында Қазақстан аумағына ұшып келіп, ағаш басына, құлаған қамыс үстіне ұя салады. Онда наурыз-сәуірде ұябасары 1-2, жұмыртқа басады. Маусым-шілде айларында балапандары ұядан ұшады. Негізгі қорегі – балық және су құстары, қоян, құмтышқан, ондатрды да ұстап жейді. Кезқұйрықты субүркіт – өте сирек кездесетін, жылдан-жылға таралу аймағы азайып, жойылып бара жатқан құс. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.









Деңгейлік тапсырмаларды орыңдаңдар.

ІІІ деңгей. Берілген мәтіндерден есімдіктерді теріп жазып, түрін анықтаңдар.

ІІ деңгей. Сарышұнақтар. Қосаяқ. Тиін. Елік . Кезқұйрықты субүркіт мәтіндерінен өзіңе қандай жаңа мәлімет алдың? Қызыл кітапқа енген тағы қандай жануарларды білесің?

І деңгей. Неліктен «Кәсіптік маңызы бар» жануарлар делінген? Қалай қорғап қалуға болады, бағдарлама жасап көріңдер.


Нәтиже сабақ
1. Сирек кездесетін қандай жануарларды айта аласың? Оларды қалай қорғап қалуға болатыны жайында баяндама жасаңдар.

2. Қосаяқтың 4 түрі туралы айтылған, саған қай түрі таныс? Өте сирек кездесетін түріне презентация жасап көріңдер.
3. Елік мәтінінде автор назар аудару үшін қандай мәнерде жазуға тырысты деп ойлайсыңдар?

4. Еліктің жаз бен қыс мезгілінде өзгеруі туралы біліп пе едің? Тағы қандай жануарларда сондай өзгеріс болады? Мәлімет жинаңдар.
5. Субүркіттің қандай сипаттары берілген? Оны қандай құспен салыстырар едіңдер?
6. Адамға үйретуге көнетін құс па? Неліктен солай ойладыңдар? Ойларыңды дәлелдеп жазыңдар.

6.4 Ұлттық экологиялық мәдениеті

This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website