НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
Әр халықтың өзінше жаңа жыл, жыл басы болады. Еуропа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл - қаңтардың 1-і, бір жерде -қыркүйектің 1-і. Азияда жаңа жыл жазғытұрым, қазақ елінде - наурыздың 22-сі. Наурыз - парсы сөзі, қазақша айтқанда "Жаңа күн" деген ұғымды білдіреді. Жаңа жыл наурыз айының 22-сінде мерекеленетін болған. Бұл күн мен түннің теңеліп, қардың еріп, көктің шыға бастайтын кезі. Осы кезде мал төлдеп, аққа аузы тиген.
Наурыз күнін ертедегі адамдар жаңа жылдың басы - "Ұлыстың ұлы күні" деп есептеп, зор қуанышпен қарсы алған. Жұрт жақсы киініп, ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жыл - наурызбен кұттықтап, ақ бата беріскен: "Аман ба! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса, жол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге енсін!".
Бұл күні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етінен дәм дайындайды. Ал жігіттер болса, айна, тарақ, иіссуды бойжеткендерге сыйлық етіп ұсынады. Ұлыс күні жеті түрлі тағамнан наурыз көже пісіріледі. Алтыбақан басында жастар түнімен өлең айтады, ойындар ойнайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, таңды қарсы алады. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, "Құт дарысын" деп айналаға ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.
Сұрақтарға жауап беріңіз. Дүние жүзі халықтары жаңа жылды қай уақытта қарсы алады?
"Наурыз" сөзі қандай ұғьмды білдіреді?
Наурыз айында табиғатта қандай өзгерістер болады?
Мейрам күні адамдар бір-біріне қандай тілектер айтқан?
Бұл күні бойжеткендер мен жігіттер бір-біріне қандай сыйлықтар береді?
Наурыз күні әр үйде қандай тағам пісіріледі?
☺
Сөйлеу үлгісі:- Наурыз қандай мейрам?
- Наурыз халық мейрамы.
- Ол қалай өтеді?
- Наурыз мейрамы көңілді өтеді.
- Наурызда қандай шаралар өткізіледі?
- Ән айтылады, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Жағдаят бойынша сұхбат құрастырыңыз. Сіз Наурыз мейрамы күні Орталық алаңға бардыңыз. Досыңызбен мейрам туралы сұхбаттасыңыз.
Басқа елдерде жаңа жыл қай мезгілде тойланады? Топтастарыңызбен әңгімелесіңіз.
1-
тапсырма. Берілген сөз, сөз тіркестерімен сөйлем құрастырыңыз.Наурыз мерекесі, мейрам, "Теңге алу", қазақ халқы - қонақжай халық, алтыбақан, пісіріледі, ұлттық ойындар, бата беру, діни мейрам емес, ән айтады, "Көкпар", бауырсақ, шелпек.
2-
тапсырма. Жақшаны ашыңыз. Жаңа жылды (люди ждут с нетерпением). Жаңа жылда адамдар (желают друг другу здоровья, счастья, успехов в работе). Наурыз көжені су мен тұздан басқа (из семи продуктов) жасайды. Наурыз көжеге (приглашают своих родственников и друзей). Наурыз – жақсы (обычаи и традиции) еске алатын күн.
Мәтінді оқыңыз, мазмұндаңыз. Мәтін мазмұны бойынша сұрақ құрастырыңыз.Наурыз көже
Жаңа жыл күні әр үйде қазан-қазан наурыз көже пісіріледі. Наурыз көже су мен тұздан басқа кемінде жеті түрлі азықты (бидай, тары, қамыр, ет сүт, күріш, май т.б) пайдалану арқылы пісіріледі. Бұл асқа соғымнан әдейі сақталған мүшелер (бас, жамбас, қазы), айран немесе құрт қосылады. Наурыз көжеге ауылдағы әр үй бірін-бірі кезекпен шақырады. Көже ішіп болған соң, үлкендер бата берген:
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін!
Мақалды жаттап алыңыз.* Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас.
Мәтінді мәнерлеп оқыңыз, толықтырыңыз төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз. Наурыз мейрамында жастар түнімен өлең айтады, ұлттық ойындар ойнайды. Ұлттық ойындар жастарды ептілікке, тапқырлыққа баулиды. Ұлттық ойынның түрлері: көкпар, аударыспақ, қыз қуу, алтыбақан, ақ сүйек, тоғыз құмалақ, теңге алу, асық ойыны және тағы басқалар. Ұлттық киім киген қыз ортаға шығып, топ-топ болып тұрған жігіттердің ішінен өзіне ұнаған жігіттің мінген атының сауырынан түртеді де, шаба жөнеледі. Жігіт қыздың соңынан қуады. Ойын шарты бойынша жігіт қызды қуып жетсе, құшақтап бетінен сүйеді. Егер белгіленген жерге дейін жігіт қызды қуып жете алмаса, онда кері қайтқан кезде қыз қолындағы қамшысымен жігітті ұрып, орнына немесе көмбеге дейін қуып әкеледі.
Ор текедей орғыған оңды солға,
Жетемін деп жігітім, әуре болма.
Тізгінімді тежейін, алдыма түс,
Келді менің кезегім жүндей түтер.
Қусаңда жігіт қаншама,
Жолатпаймын маңыма.
Әуре болма, шаршама,
Адасып кетпе - ей, шаңыма.
Мәтінде қай ойын туралы айтылған?
Сіз қандай ұлттық ойындарды білесіз?
Ұлттық ойындар жастардың бойында қандай қасиеттерді қалыптастырады?
Тапсырма. Өзіңіз бір ұлттық ойынды сипаттап жазыңыз.
♫ Ән үйренейік.
Наурыз — думан.
Сөзін жазған: М.Мақатаев
Әнін жазған: Т.Сарыбаев
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда .
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Наурыз, наурыз күні игі ,
Күні игі жердің - түрі игі.
Бауыры жылып науат-қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шонақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де - арманда,
Арманда - оны көрген де.
Келіп ем өмір – арманға,
Наурыз айы келгенде.