4.1 АДАМНЫҢ КЕЛБЕТІ. МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ

Адамның сырт бейнесін, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын сипаттауда төмендегідей сөздерді қолданады. Берілген сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып, досыңызды (құрбыңызды) суреттеңіз.
  • Бойы: ұзын бойлы, орта бойлы, қысқа бойлы, тапал.
  • Дене бітімі: толық, арық, кең иықты, шымыр денелі, қыпша бел, еңселі, жуан бел.
  • Қасы: қиғаш, қаламқас, қалың, жіңішке.
  • Көзі: үлкен, кішкене, қысық, бадырақ, бота көз, қой көз, шегір, күлім көз, шүңірек.
  • Ерні: қалың, жіңішке, оймақ, қызыл, қызғылт, үлбіреген, шиедей қызыл.
  • Тісі: ақ маржандай, сары, арасы ашық, түзу, ірі, ұсақ, күріштей, қисық.
  • Беті: дөңгелек, сопақ, жалпақ, аққұба, қараторы, ат жақты, шұбар.
  • Мұрны: қыр мұрын, пұшық, пісте, қоңқа, келте, жалпақ.
  • Шашы: ұзын, қысқа, бұйра, толқын, қара, сары, ақ, жирен, жұқа, қалың.
  • Жүрісі: әдемі, баяу, жылдам.
  • Қабағы: ашық, түсіңкі, түйілген.
  • Мойны: қаз мойын, жуан, қысқа, алма мойын.

1-тапсырма. Берілген сын есімдерді салыстырмалы шырайға айналдырыңыз.
Әдемі, ұзын, ірі, қысқа, жіңішке, қалың.
Мысалы: қызғылт-қызғылттау
2-тапсырма. Мына зат есімдерге мағынасына қарай сын есімді   тіркестіріп жазыңыз.
Бас, аяқ, көз, мойын, шаш, қол, саусақ.
3-тапсырма. Тобыңыздағы біреуді суреттеңіз. Төмендегі сұрақтар сізге көмектеседі.
  • Оның түріне қарап неше жаста деуге болады?
  • Бойы қандай?
  • Көзі, шашы қандай?
  • Мұрны, беті қандай?
  • Мінезі қандай?
4-тапсырма. Пікірталас өткізіңіз.
  • Оқу бітіргеннен кейін 3 жылдан соң курстасыңызды көрдіңіз, сіз оны танымай қалдыңыз.
  • Көршіңіз 2 айға шетелге оқуға барып келді.
Үлгі:
- Менің ойымша, ол отызда.
- Жоқ, олай емес. Менің ойымша, ол жас көрінеді.
5-тапсырма . Құрбыңыздың, атаңыздың, апаңыздың сырт пішінін сипаттаңыз.
Сөйлеу үлгісі:
- Ербол, сені бір жігіт іздеп келді.
- Қандай жігіт, Асан емес пе?
- Жоқ, Асан орта бойлы ғой, ал бұл жігіт ұзын бойлы, арық келген,  мұртты, қара шашты.
- Асқар емес пе, бірақ оның мұрты жоқ қой.
- Атын айтып еді, ұмытып қалдым, өзі инабатты, кішіпейіл адам екен.
- Оң жақ бетінде меңі бар ма?
- Иә, қара торы бетіне меңі жарасып тұр екен.
- Е, онда ол Ғалым ғой.
6-тапсырма. Суретте бейнеленген адамдардың сырт пішінін, мінез -құлқын сипаттаңыз.
Ø 7-тапсырма.   Төменде сырт пішіні сипатталған адамның суретін салып көріңіз.
  • Орта бойлы, қолаң шашты, қос бұрымды маңдайы жазық, кең, қыр мұрынды, қыпша бел, қасы қалың, кірпігі ұзын, беті домалақ, қараторы, оймақ ауыз, қой көзді.
  • Ақ шашты, орта бойлы, толық, домалақ бетін әжім басқан, қара көзді, мейірімді, қиғаш қасты, аққұба, келбетті адам.
  • Сұңғақ бойлы, талдырмаш, қалың жирен шашты, аққу мойын, аққұба келген жүзіне үлкен көк көзі мен қыр мұрыны ерекше өң береді, тістері аппақ маржандай, аузы үлкен.

Мақал-мәтелдерді жаттап алыңыз, мағынасын түсіндіріңіз.
v Ашу-дұшпан, ақыл-дос.
v Кекшіл болма, көпшіл бол.
v Кішіпейілділік кішілік емес, кісілік қасиет.
v Қайтып кірер есікті қатты жаппа.

("Қазақтың мақал-мәтелдері" кітабынан).

Өзіңіз адамның мінезіне байланысты қандай мақал-мәтелдер білесіз?
8- тапсырма. Сұхбатты аяқтаңыз.
- Ғалия, мен бүгін Зәурені көрдім.
- Өзгеріп пе?
- Иә, бұрын ақжарқын, көңілді, ашық, сыпайы еді ғой, ал қазір ... .
Керекті сөздер: салмақты, дөрекі, көңілсіз, тұйық, сабырсыз, тәкаппар, енжар.
Қазақ жазушыларының шығармаларынан үзінді оқыңыз.
Авторлар өз кейіпкерлерін қалай сипаттайды?
Хамит ұзынша бойлы, жауырынды, тіп-тік сұр жігіт. Қыр мұрынды, қара көзді, қырқып жүретін сақалы, мұрты бар. Жасы 25-26 шамасында. Сом, сұлу денелі. Бар денесі көк темірден құйып жасағандай. Түйіліп - жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін керсетеді.

(С.Сейфуллин).

Дөңгелек біткен аппақ бет, маңдайдан тура түскен қыр мұрын, үлбіреген жұқа ерін, оймақтай ауыз, ұзындау біткен аппақ мойын, тостағандай қара көз, қара кірпік, қиылған қара қас, кең маңдай.

(Б.Майлин).

Қарт әженің әрбір қимылы, дөңгелек шырайлы реңі, сәл еңкіштеу келген бойы сол қалпында көз алдында тұр қазір. Баяу қоңыр даусы да құлағында. Ешқашан қабақ шытуды, болмаса дауыс көтеруді білмеуші еді.Мақсұт ес білгелі сол қарт ананың мол мейіріміне бөленіп, еркелеу болып өсті.

(С.Сарғасқаев).

Өзіңізге ұнайтын шығармалардың бірінен тақырыпқа байланысты  мысал келтіріңіз.

Алюминий алыбы

This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website