1.2 НАЙЗАСЫЗ ЕР БОЛМАЙДЫ, ТАҢБАСЫЗ ЕЛ БОЛМАЙДЫ

9 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясынан

Мәтінді мәнерлеп оқыңыз, толықтырыңыз.

Қазақстан елтаңбасы

Қазақстан Елтаңбасындағы шаңырақ халқымыздың ынтымағы жарасқан бір отбасындай өмір сүру белгісін көрсетеді. Шаңыраққа шаншылған алтын уықтар Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің де бірлігін, татулығын, достығын бейнелейді. Елтаңбадағы тағы бір ерекше белгі - ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі.
Арғымақ бейнесін пайдалану - өте ертеден келе жатқан дәстүр. Ол геральдистер тілінде: арыстанның жүректілігін, қыранның қырағылығын, өгіздің ғаламат күшін, еліктің ғажайып көзге көрінбес шапшаңдығын, қырмызы қызыл түлкінің қалайда болса жауын жер соқтырар айлакерлігін білдіреді. (геральдистер - герб жасаушы адамдар) Елтаңбаның авторлары: Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан жалауы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы тік бұрышты көгілдір мата. Тудың ортасында күн орналастырылған. Оның астында қыран кұс бейнеленген. Тудың түсі көк. Ол - еркіндік белгісі, биік армандарға қол созу.
Туымыздағы бүркіт бейнесі - тәуелсіздік, алып қанатын қомдаған қазақ елінің әлемдік өркениет  биігіне талмай ұмтылу ниеті. Тудың бір шетінде "Қошқар мүйіз" деп аталатын өрнек салынған. Өрнек халқымыздың қол өнері мұрасынан талай ұрпақтың ақыл-ойы мен шеберлігінен хабар беріп тұр. Көк байрағымыздың авторы - Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.
♫Әнұранды жаттап алыңыз.

Әнұран

Әнін жазған: Ш.Қалдаяқов

Сөзін жазғандар: Ж.Нәжімеденов,Н.Ә.Назарбаев

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой.

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім,

Туған жерім менің - Қазақстаным.

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Карсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай.

♫Өлеңді мәнерлеп оқыңыз.

Қазақстан жалауы

Көк аспандай көкпеңбек,

Қазақстан жалауы.

Көк емес ол, тектен-тек,

Елдің ашық қабағы.

Ақ ниетті — алтын күн,

Асқақ арман – қыраны.

Жалауы бұл халқымның,

Мәртебесі, мақтаны.

С.Қалиұлы

Елтаңбасы елімнің

Елтаңбасы елімнің,

Неткен әсем, әдемі.

Тынығындай көңілдің,

Орта аспан әлемі.

Құт-береке — шаңырақ,

Орын алған ол төрден.

Қанатты қос арғымақ,

Екі жақтан көмкерген.

Тәуелсіздік жолында,

Талай-талай тер тамған.

Билігім өз қолымда,

Еркіндігім — елтаңбам!

С.Қалиұлы

Әнұран

Әнұран - асыл қазына. Онда халық жүрегінің лүпілі, қазақ халқының бастан өткен тағдыры, келешекке зор үмітпен қарайтын ойы өрнектелген. Әнұран - әрбір Қазақстандықтардың келешек ұрпаққа аманаттайтын әнтұмары.
Әнұранда қазақ халқының данасын құрметтеген, барша адамзат баласын бауырына тартқан бауырмал халық екені, қасиетті ана тілімізді, салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қажеттігі туралы айтылады. Әнұранның салтанатты жиындарда, Елбасының басқа мемлекеттердің басшыларымен кездесуінде беташар ән болатыны содан.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

Ту, байрақ, елтаңба, әнұран, қос пырақ, шаңырақ, уық, жұлдыз, бостандық, алтын түсті, көк.

1-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңыз.
Күннің төменгі жағында ... ... бейнеленген. Шаңырақты айналдыра күн сәулесіндей тарап, ... ... шаншылған. Елтаңбаның реңі ... және ... түсті. Тудың ортасында … ... орналастырылған. Мемлекеттік тудың ... 1 метр, ... 2 метр.
 
2-тапсырма. Қазақ тіліне аударып, сөйлем құрастырыңыз.
Голубое полотнище, символ мира, национальный орнамент, зоркость и дальновидность, государственные символы, пятиконечная звезда, мифические кони, символ единства.
 
3-тапсырма. Бір сөзбен қалай айтуға болады?
Үлгі: тік бұрышты көк мата — ту.
Бостандық белгісі —
Бірліктің белгісі —
Бес құрлықты біріктіретін белгі —
Тудың сол жағындағы жолақ —
Бейбітшілік белгісі —
Рәміздердің реңдік бейнесі —
 
4-тапсырма. Қазақстан Республикасы рәміздерінің авторлары
  • Мәтінді толықтырыңыз, мазмұндаңыз

ҚР-сы Елтаңбасының авторлары

Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков

Өзбекстанға еңбегі сіңген суретші. Әндіжан қаласындағы әуежай, Ташкенттегі үкімет қонақ үйі және т.б. ғимараттардың құрылысын жобалауға қатысқан. Қазір Л. Гумилев атындағы Евразия университетінде дәріс береді. композитор үш жүзге жуық ән шығарды.

Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан

Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші. Республика мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері.
Негізгі шығармашылық жұмыстары: Алматыдағы Ш.Уәлиханов, Ә.Жангелдин ескерткіштері. Тәуелсіздік монументі авторлар тобының жетекшісі.

ҚР-сы Туының авторы

Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков

  • Мәтінді толықтырып, сұрақ құрастырыңыз
Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің
негізін қалаушылардың бірі. Алматы қаласының бас суретшісі.
Негізгі шығармашылық жұмыстары: Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кинотеатрдың кешенді дизайны, Б.Момышұлы ескерткіші, М. Әуезов көркем полотносы, т.б.

ҚР-сы әнұранының авторлары

  Мәтінді толықтырып, досыңызбен сұхбаттасыңыз
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов - өрнекті ақын, Қазақстан Жастар
одағының иегері. Шығармалары: “Балауса”, “Сыбызғы сыры”, “Өз көзіммен”, “Жоқ, ұмытуға болмайды” және т.б.еңбектері бар.
Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов - көрнекті сазгер, Қазақстан Республикасы халық әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
1950 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысты. “Қазақ вальсінің королі” атанған.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - Қазақстан Республикасының Елбасы. Бірқатар халықаралық және отандық қоғамдық ұйымдардың арнайы сыйлықтары мен атақтарының иегері. Ғылыми және әдеби шығармашылық жұмыстарымен айналысады. “Әділеттің ақ жолы”, “Ғасырлар тоғысында” т.б. кітаптардың авторы, “Елім менің”, “Үш қоңыр"т.б әндердің өлеңін жазған.
 ҚР-сы рәміздерінің авторлары тақырыбына слайд құрастырыңыз
 
5-тапсырма. ТМД елдерінің рәміздері туралы (қалауыңыз бойынша) досыңызбен сұхбаттасыңыз.
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website